Трибуна

Алматы
C
» » Айдос Сарым, саясаттанушы: «Қазақстанда коммунистік идеологияға заңмен, сотпен тыйым салынуы тиіс»

Айдос Сарым, саясаттанушы: «Қазақстанда коммунистік идеологияға заңмен, сотпен тыйым салынуы тиіс»

Айдос Сарым, саясаттанушы:  «Қазақстанда коммунистік идеологияға заңмен, сотпен тыйым салынуы тиіс»

Айдос Сарым, саясаттанушы:

«Қазақстанда коммунистік идеологияға заңмен, сотпен тыйым салынуы тиіс»


Саясаттанушы Айдос Сарыммен болған бұл сұхбат «Ашық Алаң» газетінде 2015 жылдың сәуір айында жарияланды. Бірнеше ай өтсе де, әлі де өзектілігін жоғалта қоймаған талай мәселелер айтылды. Сол себепті, газетте жарияланған әңгіменің толық нұсқасын сайтымызға да жариялауды жөн көрдік.


- Украин радасы коммунизмді нацизмге теңеп, оған тыйым салды. Ал бізде коммунистер парламентте отыр, сайлауға түсіп жатыр. Сайлаудың арқасында еркін насихат жүріп жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс? Әлде қазақтар коммунизмнен украиндықтардан аз зардап шекті ме?
- Бұл мәселені көптен бері айтып келемін. Менің ойымша, Қазақстанда коммунистік идеологияға заңмен, сотпен тыйым салынып, оған саяси және құқықтық баға берілуі керек. Менің түсінігімде коммунизм нацизммен пара пар, тіршілігі, болмысы, табиғаты бір-біріне ұқсас, адамгершілікке қайшы келетін, жауыз идеология. Шындап келетін болсақ, екі компартияға да бірдей ұсыныс түсуі керек: сіздер социалистік не социал демократиялық платформаға өтесіздер, я заңмен тыйым салынады деген талап болуы керек сияқты. Бұл - өмір талабы. Егер ХХ ғасырда қазақтың басынан кешкенін еске алатын болсақ, 3 аштық пен 2 азамат соғысы, ҰОС мен соғыстан кейінгі қиянаттар, қазақтың бір ғасырдың ішінде халықтың 70 пайызынан айырылуы коммунистік, большевиктік идеологиянының «жемісі» емес пе?
Коммунистік идеологиядан құтылудың бірінші жолы Украина парламенті сияқты заң шеңберінде тыйым салу. Екіншіден, жоғарғы сот не Конституциялық дәрежеде арнайы шарт қабылдау керек. Елімізде әлі де болса Қазақстанға ешбір қатысы жоқ, Кеңес азаматтарының, большевиктердің көшесі мен Ресей елді мекендерінің атаулары кездеседі. Тіпті ең қандықол жауыз дейтін жандар да көше атауын иемденген, бірен-саран жерде Лениннің ескерткіштері әлі тұр. Осының барлығы түбірімен жойылатындай дәрежеге алып келуіміз керек. Бізде осы мүмкіндіктерді толықтай атқаруға жағдай бар. Егер тәуелсіз ел екеніміз рас болса, ерте ме кеш пе, бұл біздің басымыздан өтетін жайт. Бұған менің ешқандай да күмәнім жоқ. Заман талабы да солай болмақ.

- Сіз ортақ валюта туралы «бұл намысымыз сыналатын соңғы сәт, қарап қалмайық» деп жаздыңыз. Қалай бұл бастамаға қарсы тұра аламыз?

- Менің ойымша, ортақ валюта туралы біздің элита ішінде ортақ пікір қалыптасқан сияқты. «Ортақ валюта керемет, оны қос қолдап қолдаймыз» дегенді Своик пен коммунистерден басқа ешкімнің аузынан естіген жоқпын. Бизнесте, өнеркәсіпте жүрген азаматтар түбегейлі тұрғыда «бұның бізге қажеті жоқ, Кедендік Одақтың шартына сәйкес, бұл жайттар 2025 жылдан ерте қаралмауға тиіс» деген негіздерді алдыға тартып отыр. Біріншіден, ел ішінде қоғамдық пікірді қалыптастырып, тәуелсіздікке деген жауапкершілікті арттыру қажет. Осындай белден басқан, ел тәуелсіздігіне түбегейлі нұқсан келтіретін дүниелерге қарсы қоғамдық пікірді қалыптастыру өте маңызды дүние. Егер билік осындай ұсыныстарға атүсті қарап, «бұл біздің де идея емес, ортақ ұсыныс» дейтін болса, онда радикалды тұрғыда оппозицияға кету керек деген сөз. Оппозиция болғанда оның ең қатал түрлеріне бару керек. Өйткені бұдан артық шегінер жол жоқ. Әлі саяси маневрдің алаңы бар сияқты.
Шынын айтайық, қазір өзімізді өзіміз алдарқатуға болмайды. Қазақстан тәуелсіздігінің екінші онжылдығы алғашқы он жылдығынан қиын екені анық. Ресей бас-аяғын жинап алып, бұрынғы империялық ойынын қайта бастағаны анық. Егер қазақ ұлтшылдары өрескел қимылдарға барып, Қазақстанның бір немесе бірнеше облысынан айырылып қалатын болсақ, онда бұл кешірілмес тарихи таңба, болашақ ұрпақтың алдында ұятты болатын жағдайымыз бар. Яғни бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарау керек. Әрбір сөзімізді, әрбір қадамымызды қатаң бақылап, елдің сыртқы және ішкі жағдайын келістіріп отырғанымыз абзал. Бұл айдан анық нәрсе. Бірақ шалажансар, толыққанды емес тәуелсіздігімізден айырылу және өзіміздің экономикамызға ықпал ете алатын инстурменттерден бас тарту тәуелсіздікке, елдің мемлекеттілігіне қарсы жасалған қылмыс. Бұл қылмысқа үндемей қалу, немқұрайлы қарау кез келген қазақ азаматы үшін үлкен сын болатыны анық. Кедендік Одаққа кіргеніміздің көбісі саяси маневрдің әңгімесі мен тарихи уақытты жеңіп алуға бағытталған қадамдар.
Бүгінгі күні Ресеймен, Кеңес Одағымен қоштасудың екі жолы бар, ол ТМД алаңында айқын көрінді. Бірі - ашық кескілескен соғысқа бару. Бұл жолмен Грузия өтті бірақ, үлкен екі аймағынан айырылып қалды және олардың болашақта Грузияға қайтып келуі екіталай. Жақында Грузияда болып, сарапшылармен, қарапайым азаматтармен пікірлестім. Олар: «түбі 50-60 жылда біз жақсы өмір сүріп, Еуропаға қосылып, НАТО-ға кірсек, олар бізге жақындайтын шығар, бірақ арамызда қан төгілгендіктен екі облыстың қайтып келуі алдағы 20-30 жылда мүмкін емес жағдай» деп айтады. Бүгінгі Украинаны қарайық, қаншама қан төгілді. БҰҰ дерегі бойынша, 7000 адам қаза тапты. Бұл тек ресми дерегі, ал сыртында қаншама Ресейдің жандайшабы өлді, оны есепке алып жатқан ешкім жоқ. Бұл - алапат трагедия, үлкен қантөгіс. Осыдан кейін Донбасс пен Лугансктің, Қырымның Украинаға қайта келуі қаншалықты мүмкін деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, елу де елу пайыз көрсетуі үшін де 20-30 жыл керек шығар. Бұл жайт экономикаға арналған қаншама қаражаттың елдің мұң-мұқтажынан, әлеуметтік мәселелерінен жырылып, соғысқа кетуіне, экономиканың жұтауына, елдің инвестициялық бизнес ахуалын жақсату мүмкіндіктерін күрт төмендетті. Егер бүгінгі билік басына Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым келсін, Жасаралы Қуанышәлин не Жармақан Тұяқбай келсін, шамамен біздің қолымыздан келетін шаруалардың саны аса көп емес. Әрине, қиянатқа бармайтын жолдарын айтам. Белгілі дәрежеде біз де белгілі бір дәрежеде осы саясатқа көшіп кетуіміз ықтимал. Мысалы, Грекияның Ципрас бастаған өкіметі айналып келгенде өзіне дейін жасаған үкіметтің саясатын бұлтартып болса да жасап жатыр. Өйткені, қаншама міндеттемелерді орындап, халыққа жалақысын төлеу керек.
Қоғамдық пікірді мықтап қалыптастыру үшін қоғамның белсенді азаматтарының пікірі бір жерден шығуы керек. Рас, елде қоғамға сөзі өтетін оппозициялық партия қалмады дейік. Бірақ, оппозициялық көзқарастағы адамдардың саны артпаса кеміген жоқ. Бәлкім, бір-бірімізге сенімсіздікпен қарап, айтысатын, тартысатын шығармыз, бірақ қажет кезде осы топтардың бірігуі сияқты қажетті сигналдар билікке, билік басында отырған азаматтарға емін-еркін анық жетуі керек. Сонымен қатар, бұл мәселеде ешқандай компромат болмайтынын билік те, Ресей жағы да айқын сезінуі керек. Мәселе жекелеген азаматтардың пікірінде емес, бұл мемлекетшілдік, ұлттық намыстан туындаған мызғымас принциптерді қайта-қайта айта беруміз керек сияқты. Бұл - алғышарты. Ал егер бұдан да қатал жағдайға келетін болсақ, әлдеқайда батыл, белсенді қадамдарға баруға мәжбүр боламыз.

- Бұл сайлауда кімнің жеңіске жететіні анық, әрине. Үміткерлер де тек екінші орынға таласып жүргендерін жасырар емес. Жалпы, үміткерлер мен олардың бағдарламалары туралы не айтасыз?
- Біріншіден, осы сайлаудың басқа сайлаулардан ерекшелігі билік өзіне барынша ыңғайлы, ішкі және сыртқы қысымы жоқ жағдайда сайлауды өткізіп жатыр. Бұл бұрын-соңды болмаған жайт. Басты себебі Қазақстанды ешқандай шынайы оппозициялық партияның қалмауы деп түсінемін. Яғни 1995 жылдардан бастап келе жатқан саяси партиялық жүйе өзін-өзі толықтай масқарасын шығарды. Ильф пен Петров деген әзілқұмар жазушылар бір сюжетінде «мылқау киноның заманы аяқталды, дыбысты киноның заманы әлі басталған жоқ, бейуақыт заманда өмір сүріп жатырмыз» деген еді. Бізде де солай. Менің ойымша, көрші ел президенті Ислам Кәрімовтың біздің елдің президентінен ешқандай артықшылығы да, кемшілігі де жоқ сияқты. Бірақ Өзбекстанда елдегі саяси партиялардың барлығы да балама кандидат ұсынды, Ислам Кәрімов либерал-демократиялық партияның атынан шықты, бірақ оны екі дүниеде де ешкім либерал-демократ деп айта алмайды. Бірақ Ислам Кәрімовтың мынадай артықшылығы ол жалпы қоғамдық және саяси институттардың маңыздылығын түсініп отыр. Ертең биліктен кетсе не билік ауысқан күннің өзінде бүгін қалыптасқан саяси партиялық жүйе, Өзбекстанда қалыптасқан супер президенттік жүйенің бейтараптануына толық ықпал ете алатын, оны ары қарай жалғастыра алатын жағдайда өмір сүріп жатыр. Жақсы-жаман болсын Ислам Кәрімов өзіне 90 пайыздан артық дауыс алып отырған жоқ. Яғни белгілі бір дәрежеде саяси маневрге тиіс кішкентай алаңшаны сақтап қалды. Ал мына сайлауда Назарбаев өзін-өзі төмендете алмайды және оның айналасы 95 пайыздан төменге апара да алмайды. Яғни ертең президенттің дәрежесі неге төмендеп қалды немесе саяси менеджерлер әлсіз болды деген сұрақ туындауы мүмкін. Мұны «авторитарлық қақпан» деп атауға болады. Президент өзінің саяси жүріс тұрыс қадамын 95 пайыз дауыс алғанда-ақ әлдеқайда тарылтып тастады.
Екіншіден, мейлі бұл жасанды сайлау болса да, президенттің сайлауға қатысқаны дұрыс деп санаймын. Әрине біздің билік сайлау туралы шешім қабылдамас бұрын мұнай бағасының түсуі, теңгенің құнсыздануы мүмкін жағдайларды, экономикалық жағдайлардың барлығын ескерді. Сайлауға барудың өзі Қазақстан әлі де болса, демократиялық, батыстық үрдісте жүргісі келетін дүние деп есептеуге болады. Бұл тіпті сөз не мәлімдеме дәрежесінде болса да бұны жақсы үрдіс деп қабылдауға болады. Өйткені барлық дүние бұл сайлаумен шектеліп қалмасы анық, сондықтан сайлау үрдісін сақтап қалуымыз керек. Әр кандидатқа бірдей уақыт беру мәселесі, бірі барған зауытқа ертең сен кел сияқты жайттарды заңмен бірге, саяси мәдениеттің әңгімесін шенеуніктердің құлағына бүгіннен бастап сіңіре беру керек. Екіншіден, қоғамда белсенділігі бар, ертең саяси оппозицияға айналуы мүмкін ықтимал топтар дұрыс мәселені көтеріп отыр. Бұл - сайлау туралы заңды өзгерту мен модернизациялау. Қайталап айтамын, бүгінгі сайлаумен сайлау аяқталып, саясат тоқтап қалмайды. Сайлауға алаңдап не күдіктеніп жүрген мен жоқ, не басқа да қазақстандықты көрген жоқпын. Егер коммунистер жеңіп кетсе, ертеңгі күніміз не болады деген ой халықта жоқ.
Бүгінгі саяси науқанды ұйымдастырушыларға тағылатын кінә да жеткілікті. Екі кандидаттың да бағдарламасын мұқият оқып шықтым. Өкінішке орай, ішінде Қазақстан деген сөз жоқ, қазақ қауымы, ел мүддесі деген ой да жоқ. Бірі - әлемдік экологиямен, бірі - гамбургер мен Голливудпен арпалысумен жүр. Бұның өзі біздегі саяси жүйенің әбден азып-тозғанын көрсетеді. Жақында Орта Азияны зерттеуші Аркадий Дубнов Қазақстанға келгенде берген сұхбатында «Түсінесіздер ме, түсінбейсіздер ме Қазақстанда алдағы 5-10 жылдың ішінде бәлкім, керемет революция болмайтын да шығар, әзірге шын мәнінде өз сөзін өткізе алатын оппозиция әлі туындаған жоқ. Дәл егер бүгінгі күні өзгеріс дейтін болсақ, ол оппозицияны тек Ресей бере алады», - деді әжуалап. Бірақ астары бар. Бүгін қоғамның сөзін сөйлейтін, қыжылын жеткізетін партия керек және билік соларға мүмкіндік беруі керек. Екіншіден, осыны өзіміз жасамасақ, адам табиғаты вакуум дегенді жақтырмайтын, қабылдамайтын ағза. Байқасаңыз, бүгінгі күні газет таралымы құлап, теледидар көрермені де азайып бара жатыр. Ол тек қана нарықтың не болмаса интернеттің керемет дамып кеткендігі ғана емес Ол қоғам ішіндегі үлкен бір апатияның басталғанын көрсетеді. Ол шын мәнінде қоғам ішінде немқұрайлылық, бірің өліп бірің қал деген сияқты көңіл-күйдің көбейіп кеткенін көрсетеді. Бірақ осы вакуум немен толады деген дүние бар? Нарықтық мәселелер ушығып тұрған кезде, криминалдық қылмыстық экономияға кетіп қалатыны анық.
Екіншілері сектаға, үшіншілері діни радикализмге кетіп жатыр. Яғни қоғам ішінде өзінің сөзін айтып жүрген адамдар болмаса, БАҚ-та жарияланбаса, қоғам ішіндегі қыжыл әйтеуір бір орнын табады. Соңғы онжылдықта мұның барлығы деструктивке яғни Конституциялық алаңнан, қоғамдық пайымнан тыс дүниелерге кетіп жатыр. Ертең бұл жайттар өзінің теріс әсерін әлдеқайда қатты әрі қатал дәрежеде өзін көрсететіні анық. Мысалы, 2010-2011 болған жарылыстар 2007-2009 жыл аралығында Қазақстанға келген экстремист Сайт Бурятский дәрісінің нәтижесі. Ал жарылысты жасаған соның дәрісін тыңдаған жандар. Бір адамның Қазақстанға емін-еркін келіп, оған «әй дейтін әже, қой дейтін қожа табылмауы» осындай нәтиже берді. Жүздеген адам діни экстремизм деген баппен сотталып, түрмеде отыр. ҰҚК айтуы бойынша, 300-дей адам Сирияда жүр. Тағы да қаншама адам Йеменде, Ауғанстанда жүргенін ешкім дөп басып айта алмайды. Бүгін түрмелерді қадағалайтын екі күш бар деген анық ақпарат бар: Бірі - қылмыстық топтар болса, екіншісі - радикалдық топтар. Түрмедегі жағдайдың бәрін қадағалап, кімді қайда отырғызатын жайттың бәрін де жасап отырған солар. Ертең осы жағдай қандай нәтиже береді, қандай трагедияға апаратынын болжау қиын. Бірақ мұның барлығы ертең қазақ қоғамына теріс әсерін тигізеді. Өйткені қылмыскерлер бу болып космосқа ұшып кетпейді. Сонымен бірге бүгінгі элита ішінде де қоғамда кішкене өзгерістер болсын деген сұраныс та бар сияқты. Ал халық сұранысы анық. Билік «алдымен - экономика, сосын - саясат» деп жүр ғой. Ал экономиканың қашан аяқталып, саясат қашан басталады деген басты мәселе бар.
Егер демократиялық транзит деген мәселеге салатын болсақ, елдің ЖІӨ 12 000 долларға жетуі демократияға толық өтуге мүмкіндік деген сөз. Бүгін бізде халық басына шаққанда ЖІӨ 14 000 доллардан келеді деген нақты дерек те бер. Яғни бізде алғышарт жасалды. Біз шын мәнінде болашағымызды ойласақ, бүгінгі Ресейдің ақпарттық экспансиясына қарсы тұрамыз дейтін болсақ, онда қазақ мемлекетшілдерін инструкцияландырып, оларға ресми мінбер беріп, парламентке өткізуден басқа биліктің басқа жолы да қалмаған сияқты. Бүгінгі күні қазақ бизнесінің хал-ахуалын айта алатын жалғыз күш - қазақ мемлекетшілдері. Өзінің империялық буына уланып жатқан Ресейдің өзі, әрбір телеарнада тәулігіне кем дегенде 5-6 сағаты саяси ток шоуларға арнайды. Әрине, бұл халықтың миын айналдырып, халық көңілін басқа арнаға бұру, Украинаға қарсы айдау үшін беріліп отыр. Бірақ форматы сол. Ал біз өз телеарналарымызды тек үш бағытқа қана арнап қойған сияқтымыз. Бірі - үнді не түрік сериалдары, екіншісі -азғындаған әзіл-ысқақ хабарлары және концерт. Сонда біздің басымызда экономикалық-әлеуметтік мәселе не саяси мәселе жоқ па? Жалпы ұлт өз басындағы мәселелерді талқылап, ашық айта бастаған кезде ғана өсіп өркендейді. Ал біз өз халқымыздың потенциалын төмендетіп, ақымақтар мемлекетіне айналдырып отырмыз. Бұл ең үлкен қиянаттың бірі деп айтар едім. Билік өзі құрған бұл авторитарлық қақпаннан өзі ғана кіріп, өзі ғана шыға алады. Егер Н.Назарбаев шынайы сайлауға барып, басқа оппоненттеріне мүмкіндік берсе, өзінің 55-65 пайыз дауыс алатынына мен өз басым күмәнданбаймын. Халықтың «соғыс болмасыншы» деген концервативті пікірде жүргенінін де жақсы білеміз. Шынайы билік үшін 55-65 пайыз өз міндеттерін толығымен атқаруға жететін жүйе. Бүгін шын мәнінде тәуелсіздігіміз де, мемлекеттілігіміз де қыл үстінде тұрған, әлсіреп тұрған дүние екенін көріп отырмыз.
Екіншіден, егер іс насырға шабатын болса, қазақтың тәуелсіздігін сақтап қалатын күштің де некен-саяқ екеніне көзіміз жетіп отыр. Украинадағы жағдай азғындаған, жемқорлыққа батқан жүйе мен кеше ғана ант еткен әскери генералдардың азын-аулақ ақшаға сатылып кеткенін көрсетті. Ресей Қырымды бір оқ атпай алып алды, жергілікті халықтың басым бөлігінің мұны қуана қарсы алғаны көрініп тұр. Тіпті біздің солтүстік аймақта көшеге 10 000 адам шығып, бізге автономия немесе Конституциялық бөлек статус сұраса, олардың алдына шығып, 10 000 қазақты ұйымдастыратын ұйымның жоқ екені айқын көрініп тұр. Егер осыны ойлап, ел алдындағы жауапкершілігіміз айқын болатын болса, өз басым мұндай көшбасшылықты мойындауға әзірмін. Бірақ басты мәселе - тәуелсіздіктің мәселесі, елдің тұтастығы мен қазақтың әңгімесі. Егер осының сыртында қазақты Арқаға көшіру тұрса, қазақ тілінің мемлекеттілігі мен абыройы тұрса, бүгінгі күні дау туғызып жүрген Георгий таспаларының әңгімесі болсын, осыларды атқаруға ниет білдірген билік болса, ымыраға келуге болар еді. Бірақ бұл ниеттің қаншалықты айқын екенін біз көріп отырған жоқпыз. Билік осы кезге дейін орыс пен қазақты, ұлтшылдарды бір-біріне айдап салумен келді. Билік тек үлкен дәрежедегі түсініксіздік арқылы ғана халықты билеп келген сияқты. Ал бүгін бұл заманның көші өтіп кетті. Бізге айқын дүниелер керек. Бұрынғы жалпы ұранмен, жалпылама сөзбен халықты алдарқату қиындап бара жатыр. Жаңа буынның психологиясы мен менталитеті мүлде бөлек. Экономикалық тұрғыда алсақ, маркетингке қызығатын жас 18-35 жас аралығындағы жастар. Осы жастар несие алып, ипотеғаға барады. Бүгін кез келген жұмыс орындарында қазақтарды көресіз. Бұл барлық банкирлер ұлтшыл болып кетті деген сөз емес. Банктер барлық жерде қазақ екенін білгендіктен осындай қадамға барып отыр. Яғни нарық өзгерді. Осы нарықтың сөзін айтатын саяси партияға жол ашылуы керек.
Мысалы, бүгінгі Түркия ойындары біріншіден, діни радикализмнің артуына алып келді. Екіншіден, солшыл радикализнің артуына жол ашты. Бүгін Түркияда террористік актілерді жасап жүргендер солшылдар. Ал біздегі солшылдардың көбісі Ресейшіл, марксистік тұрған азаматтар. Бұлардың арманы - Ресеймен қосылу. Саяси трендтерге назар аударсақ, бізді солшыл, діни радикализм мен осыдан туындайтын терроризм күтіп тұр. Діни радикализмнен қорқып болдық, бірақ солшыл радикализмнің алдын алатын ешбір қадам жасалып отырған жоқ. Керісінше, бай мен кедейдің арасы ашылып, әлеуметтік теңсіздік мәселесі ушығып тұр. Биліктің халық сөзіне немқұрайлы қарауы осыны айқын көрсетеді. Мысалы, екпенің салдарынан 400 бала зардап шегіп жатыр. Осы мәселе Үкіметте, Парламентте қаралатын әңгіменің бірі емес па? Мұның барлығы мерзімі өтіп кеткен, жемқорлықтың нәтижесінде сатылып алынған дәрінің кеселі деп ойлаймын. Кезінде ОҚО талай бейкүнә сәбилер жаман ауруды жұқтырған кезде министрге дейін орнынан кетті. Ал неге бүгінгі министр немесе санитарлық бас маман қызметінде отыр, тіпті халықтан кешірім сұрамады. Осы билік пен халық арасының алшақтауы екі терроризмге де жол ашады. Осы мәселелерді шынайы айтып, билікке айтатын шынайы күштің жоқтығы халықтың көпшілігін саяси апатияға, абсентеизмге апарып, қарсы қозғалыс тудырады. Және бұл күш ешқандай Конституциялық механизмдерге бағынбайтын күш болады. Егер биліктің қалағаны осы болса, қазіргі қадамын дұрыс деп айтуға болады. Бұдан құтылудың бірден-бір жолы - саяси реформа, жаңа буынның саяси күш ретінде мойындалып, саяси сахнаға шығуына жол ашу. Басқа жолы жоқ.
Ал егер билік Ғани Қасымов, Ғани Қалиев, Жармақан Тұяқбаймен Қазақстанда жұмақ орнатам десе, орнатып көрсін. Бірақ ол бәріміздің желкемізден шығатын, түбі тәуелсіздігімізден айыратын саясат болмақ. Қазақтың орта жасы - 25 болса, ең болмағанда оларды бастайтын күш 75-те емес, 40-та болу керек емес пе?! Бүгінгі Еуропа басшылары 35-45 жастағы азаматтар. Меркель, Олландтан басқасы, өйткені олардың халықтық құрылымы кәрілеу. Бүгінгі Грузияны қараңыз. Ресей енді басқа жолмен келе жатқандықтан, бізге үлгі бола алмайды. Егер саяси жүйені Ресей деп таң атырып, күн батыратындарды шошытпай жасау керек болса, ондай ымыраға да келуге болады. Тек саяси жігер мен ниет керек.

- Үкімет дедолларизация жасау туралы мәселені жиі көтереді. Теңге долларды нарықтан ығыстыруға қаншалықты қабілетті?

- Бүгінгі теңге бағамын ұстап тұру үшін алтын валюта резервтері мен Ұлттық банктен миллиарттаған ақша жұмсалып жатыр. «Атамекен» ұлттық палатасының көп мүшесі девальвация жасау керек деген пікірде жүр. Билік дедолларизация жасау туралы айтып жүр. Бірақ оның ойын, әзіл нәрсе екені анық. Элита мен қоғамның басым бөлігінде теңге девальвациясын жасау керек деген консенсус қалыптасқан сияқты. Сайлаудың мерзімінен бұрын өтуі, басқа да қоғамға беріліп жатқан сигналдар арқылы девальвацияның болуы 80 пайызға жуық деп айтуға болатын сияқты. Мұнай бағасының жақын арада қымбаттай қояды деген менде сенім жоқ. Бәлкім, экономикалық жағдай тіпті ушыға түсер. Осыған сәйкес валютамыздың өзге валюталармен теңесе түсуге жақындауы заңды нәрсе. Тағы бір нәрсе, егер қоғам ішінде осындай консенсус орнаса, ол ертелі-кеш болатын нәрсе. Алдындағы бір сценарийлер бойынша, президент сайлауы өтеді, теңге құнсызданады, содан кейін парламент сайлауы өтуі мүмкін деген әңгіме айтылды. Ресей рублінің сәл де болса қатаюы, парламент сайлауын өткізгеннен кейін девальвацияға барсақ деген сұранысты қалыптастырып жатқан сияқты. Президент инаугурациясы өткеннен кейін, бұл жайттар айқындала түседі. Халықтың көбі бұған да дайын сияқты.

- Рубльдің төмендеуі біздің елге Ресейден келетін импорт үлесін арттырып жібергенін білеміз. Осыған байланысты президент «Қазақстанда жасалған» өнімдер санын арттыруды тапсырды. Қалай ойлайсыз, отандық өнім шетелдің Қазақстанға импортын азайта ала ма?

- Біздің күнделікті киіміміз бен жеп отырған тамағымыздың барлығы импорт арқылы келеді. Егер өз өндірушілерімізді күтіп отырсақ, біріншіден, шашымыз жетпейді, екіншіден жалаңаш қалатын түріміз бар. Бізде асқан отандық өнім де жоқ. Ресей импортын азайтып, өз кәсіпкерлігімізді қолдайық деген бұл саясат емес, бұл паллиативті қадам. Соңғы бес ай ішінде Қазақстанның қаншама миллиард доллары Ресейге кетті. Мұның барлығы Ресей экономикасын көтеруге жұмсалып жатқан қадам. Бұл ақша біздің айналымға түскен жоқ. 5 миллиард пен 25 миллиардқа дейін ақша сыртқа кетті деген болжамдар да бар. Оны дөп басып айту да қиын. Өйткені біздің елдігі ресми статистикасына да сенім жоқ. Біздегі статистика елдегі жағдайды түсіндіруге емес, халықтың 95 пайызы президентті қолдайды деген әңгімеге негізделіп жасалып отырған сияқты.
Қазақстанда шын мәнінде дамып жатқан екі облысты ғана айтуға болады. Олар - Алматы облысы мен ОҚО. Бұл облыстарда орта және шағын бизнестің салымы 60 пайыздан асады, ал қалған облыстар мемлекеттік датацияда отырған немесе жер асты байлығын иегеріп отырған аймақтар. Алматыда ешқандай жер байлығы жоқ, жұмыссыздықтан қашқан халық Алматыға ағылып жатыр. Бірақ Алматы өзін-өзі асырап, әупірімдеп жүр. Шымкент те солай. Қалған облыстар тек мемлекеттік тапсырыс пен субсидияға байланып отыр. Экономикалық алшақтықтың өзі болашағымызға үлкен қауіп төндіріп отырғаны да анық. Бізде аймақтық даму деген мәселелер аз айтылып жүр. Кезінде аймақтық даму министрлігі ашылған кезде қуанып қалып едік. Біз бір Қазақстанда тұып басқа аймақтарды не болып жатыр деген ақпараттардан жұрдай халықпыз. Биліктің қалай елді басқарып отырғанына таңым бар. Бізде көптеген жайт инерциямен келе жатыр. Егер мұнай бағасы бұдан әрі төмендеп кетсе, экономикамыздың тас талқына шығатыны қазірден-ақ анық көрініп тұр. Мұнайдың көптігі демократия тежеп, халық пен билік арасын жақындатпай тұр.

- Президент жемқорлықпен мықтап күресу деген тапсырма берді кезекті рет. Біздегі күрес қаншалықты дұрыс жүргізіліп жатыр?

- Жемқорлықпен күресетін саяси институттар болуы керек. Біз кішкентай қала емеспіз. Сингапурда авторитарлық модернизация жүрді деп айтамыз, бірақ біз Сингапур емеспіз. Бұрын Қытайда үлкен реформаларды бастаған Дэн Сяопин Ли Куан Юмен кездесіпті. Сонда Дэн Сьяпин: «Егер бүкіл Қытай сенің бір қалаң сияқты болатын болса, сені баяғыда таптап өсіп кететін едік» деген екен. Ал біз үлкен аймаққа ие болуымыз керек. Біздегі биліктің Сингапур сияқты моделдерге қызығатыны Астанадан-ақ көрініп тұр ғой. Бір қаланы гүл жайнатып қойып, қалғанын жайратып тастамайсың ғой. Астананың жайнауы Қазақстанның жайнауы емес қой. Міне, осының барлығын ескеру керек. Егер жемқорлықпен күресем деп, сол жемқорлықты жазып жатқан БАҚ-ты соттап, жауып жүрсек қайдағы күрес. Егер елімізге ашықтық, демократия керек деп елдегі азды-көпті ақиқатты айтып жүрген жандарды халық жауы санап жатсаң қайдағы күрес. Халық та ақымақ емес. Қазақстандағы жемқорлық тек жоғарғы жақтың қиянатынан ғана туындаған нәрсе емес. Ол жалпы қоғамдық келісімнің көрінісі. Бүгінгі жемқорлық кәмелетке толмаған адамдардан басқа, 12 миллион адамның көңілінен шығып отыр деген сөз. Елдегі авторитаризм мен сыбайлас жемқорлықты билікке ысырып тастау, билікті ғана айыпты қылу ел ішінде болып жатқан үрдістер мен үдерістердің табиғатын түсінбеу деп ойлаймын. Биліктің кінәсі әрине көп, бірақ мәселе қоғамға да тіреліп тұр. Бұл қоғамның немқұрайлылығы, қоғам ішіндегі апатияның әсері. Егер ішінде ешқандай саяси белсенділігі жоқ, тек ағаш егу сияқты шараларға, митингіге 20 адам келетін болса, ол 200 адамнан аспайтын болса, қайдағы демократия? Жақсы-жаман болсын, Гонконгкте белгілі бір демократиялық үрдістер болды. Біріншіден, Қытай билігі оларға оқ атпауға миы жетті. 18 жастағы балалар мен коммунистік партиялардың келіссөзін жасауға Қытай компартиясы барды. Ал бізде ондай жоқ.
Әрбір жақсы өзгерістің соңында төленетін құны болады. Сен егер елінде бірдеңе жақсарсын дейтін болсаң сен қарапайым қадам жасауың керек. Ең оңай нәрсе жұртты сынау, біріншіден, өзің жол полициясына пара бермеуің керек, ең болмаса бір қадам жасауға ұмтылу керек. Егер өзің азаматтық қадам жасауға ниетің болмаса, біреуден демократия күту менің түсінігімде иттікпен пара пар нәрсе. Егер сының асүйден шығып, қала мен ауылдың дәрежесінде айтылмаса оның бәрі бос сөз. Бізде әлі де кеңестік қоғам. Ол дегеніміз - биліктен ешқандай мәселені сұрауды талап етпейтін, менің ақшам мен салығым қайда кетіп жатыр деп сұрамайтын, биліктің дегенімен жүріп тұратын қоғам. Неге біз әлі қазақ не Қазақстан қоғамына айналған жоқпыз. Бүгінгі күні жаңа қоғам үшін күрес жүріп жатыр. Біз ертегі қиял, утопиялық санадан арылуымыз керек. Қазақтың ертегілерінің бәрі де сол. Ал немістің ертегілерін оқысаңыз, қырық жыл еңбек етті, сосын зейнетке шықты деген сияқты. Біздегі ертегілерде бір батыр келіп, бәрін қиындықтан алып шығады. Байқасаңыз, қазақ ертегілерінде халық жоқ тек халықтың батырды, ғажайыпты күтуі бар. Біз мұндай қоғаммен инновациялық экономикалық қоғамды құра алмаймыз. Инновациялық қоғам үшін әркім еңбек етіп, ақша табуы керек. Біздің Америка қоғамынан айырымашылығымыз мынада. Мәселен, Томас Эдисон миллионер болар алдында сан рет қателесті, банкрот болды. Бірақ түбі өз мақсатына жетті. Біздің қоғамымызда адамның қателесуіне деген көзқарас дұрыс емес. Адам егер дұрыс жолда қателесіп жатса, оны қайта қолдау керек.
1990 жылдары мұнай бағасы өте төмен кезде, билік әлсіз кезде аз болса да бизнеске жол ашылып, өз нәтижесін берді. Бүгінгі күнгі өндірісіміз сол кезде пайда болды. Ағайынды Михалковтар секілді « біз ресторан жасаймыз, бізге бір миллиард доллар бер» деген әңгіме емес, өзі тыраштанып, өзі бизнес жасауға ұмтылған жандар оның көзін табады. Бүгінгі күні жастар судья, шенеулік болуға ұмтылады. Бірақ ондай жастардан ешқандай да инновация шықпайды. Осындай мәселелерді бүгіннен бастап айтуымыз қажет. Келесі жыл биылғыдан қиын болуы мүмкін. Егер мұнай бағасы бұдан әрі түсетін болса, биліктің қоғамға мүмкіндік беруден басқа жолы қалмайды. Экономист Милтон Фридман «Жалпы шынайы, үлкен экономикалық, саяси реформалар жақсы кезде емес, экономикалық қиыншылықтар кезінде басталады» деген. Біздің алдымызда қоғамдық сананы қалыптастыру деген міндет тұр. Бәлкім, ол 1-2 жылда келмес, бірақ үлкен бағыт ретінде осы жолды таңдасақ, онда еліміздің болашағы бар. Ал егер күнде концерт көріп, сериал тамашалап жүре берсек, өзімізбен бізге елдігіміз де қатерге тіреледі. Соңғы кездері «мәңгілік» деген сөзді көп айтып кеттік. Алладан басқа ештеңе мәңгі емес. Әлемде күн сайын бірнеше ұлт, тіл жойылып жатыр. Біздің де жойылып кету қаупіміз бар. Артымызда миллиард адам да тұрған жоқ. Бірақ жойылатын елдің біріншісі болмауымыз керек. Ол үшін еңбек етуіміз керек. Түбі бәріміз өлеміз, бірақ мүмкіндігінше көп әрі жақсы өмір сүруге ұмтыламыз. Біз өтірік сайлау өткізудің чемпиондары мен сыбайлас жемқорлық бойынша алғашқы ондыққа кіретін ел екенімізбен мақтана алмаймыз емес пе?!

- Қоғамның белсенсіздігі, ақпараттық шабуылдарға төтеп бере алмауымыздың барлығы идеологияның жоқтығынан болар?

- Өз басым, мемлекеттік идеология деген нәрселерге белгілі бір дәрежеде күдікпен қараймын. Идеология болса, барлығымыз бір саппен жүріп-тұрып, бұрынғыдай комсомол, пионер боламыз. Сайлау өткеннен кейін, ақпарат, мәдениет министрлігін қайта жаңғырту керек екені анық. Оның басты міндеті - еліміздің ақпараттық тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Біздегі саяси, ақпараттық ұстанымдарды қалыптастырып отырған Ақорда емес Кремль. Бұдан құтылудың басты жолы - ақпараттық қауіпсіздік. Өзіміздің телеарналарды халықты дұрысы мемлекетшіл ақпаратпен қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу және шетелдік телеарнаның ықпалын азайту. Екіншіден, мемлекетшіл идеяларымызды жүргізу керек. Патриотизмді күшейту дегеніміз - әрбір азаматтың мемлекетті басқаруға мүмкіндік алуы. Саясаттың басты міндеті - халықты саясаттан ажыратып алмау, сенімін сақтап қалу. Егер сіз цирктегі жануарларды қалай қинап, үйрететін білсеңіз, сіз ешқашан циркке бармай қоятын шығарсыз. Германияны біріктірген саясаткер Отто фон Бисмарк «Егер сіз саясат пен шұжықты жақсы көрсеңіз, олардың қалай жасалатынын білмей-ақ қойғаныңыз дұрыс» деген. Бәлкім, бұл да цинизмге толы нәрсе шығар, бірақ халықтың сенімін сөндіріп алмау керек. Мәселе саясатты саясат етіп сақтап қалуда.
Американың саясатында «political animals» яғни «саяси хайуан, жануар» деген ұғым бар. Екінің бірі шенеулік бола алмайды. Бұл құбылыс демократиялық заңдылықтарға бағына түсуі керек. Биологияда таңдаудың екі жолы бар: дұрыс не бұрыс таңдау. Табиғи тұрғыда дамып жатқан нәрсе дұрыс таңдау болады, әлсізі өзі жойылып кетеді. Биологиялық тұрғыда айтар болсақ, бүгінгі жүйе жақсыларды таңдауға емес, керісінше әлсіз жүйені таңдауға бағытталып отыр. Бұны теріс таңдау деуге болады. Билік милитократия құрамыз деп жатыр, алайда ол пара бергіш, қу адамдарды шығарып жатыр. Саясат шынайы лидерлердің шығуына бастау керек. Осы сайлауда 28 адам өзін президенттікке ұсынды, үшеуі өтті дейік, бірақ масқара емес пе? Көбісін өмірде білеміз, сайқымазақтар деп өзіміз де айтамыз. Батыстық жүйені алатын болсақ, президенттікке түсетін адамдар 2-3 жыл бұрын айқын болады, насихат жүргізіп, өзін-өзі дәлелдейді. Бізге де осы жүйеге көшу керек. Сайлауға 2 күн қалғанда шығатындар емес, үлкен жауапкершілікпен келу керек. Тіпті кез келген министрдің орнын басатын 25 орынбасары болу керек қой. Егер ондай жүйе болмаса, ол сайқымазақтардың жүйесі болып кетеді. Осы жүйеге көшетін уақыт келді. Оның бірден-бір жолы - саяси партиялық реформа. Алдағы 10 жылда 3 рет дұрыс сайлау өткізсек, еліміз де, азаматтық қоғамымыз да алға жылжиды. Сондықтан біз осыған ұмтылуымыз керек.


- Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Мадина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ
Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь. Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо зайти на сайт под своим именем.

комментариев

Ваше имя: *
Ваш e-mail: *

Подписаться на комментарии

Введите два слова, показанных на изображении: