Трибуна

Алматы
C
» » Сағадиев, келіңіз!

Сағадиев, келіңіз!

Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке
Шақырту

Құрметті министр мырза!


Сіздің бастамаңызбен «үш тұғырлы тіл» бағдарламасы қоғамның үлкен алаңдаушылығын тудырып отыр. Қалың жұртшылық бұл қазақ мектептерін түбегейлі жоюға, халықтың мемлекеттік тілден қол үзуіне алып келе ме деп қауіптенеді.
Әлемнің бірқатар мемлекеттерінде осыған ұқсас талай бағдарламалар қабылданды. Алайда, орта білім беру жүйесі сапасының құлдырауына байланысты олардың барлығы дерлік мұндай жөнсіз бастамадан бас тартты. Соның бірі – Оңтүстік Корея. Басқа да дамыған мемлекеттер мектепте білімді өзге тілде емес, мемлекеттік тілде береді. Одан оқудың сапасы құлдырап, білімі төмендеген оқушы жоқ.
Біз азаматтардың ағылшын тілін жетік меңгеруіне еш қарсы емеспіз. Керісінше, бұл бастаманы қолдаймыз. Қайта орыс тілінен гөрі ағылшын тілін оқытуға баса мән беру керек деп санаймыз. Ағылшын тіліне көшу арқылы біз ақпараттық тәуелсіздікке де қол жеткіземіз: азаматтарымыз әлемге Ресей ақпарат құралдарының көзімен емес, әлемнің тәуелсіз коммуникация құралдарына көшкені дұрыс болар еді. Оның үстіне, қазіргі ғылымның, білімнің, ақпараттың, кәсіпкерліктің, саясаттың тілі – ағылшын тілі. Егер қазақ тілімен қатар ағылшын тілін меңгеріп шықса, бұл құптарлық жағдай болар еді.
Десек те, «үш тұғырлы тіл» бағдарламасы мұндай игі бастамаға емес, басқаша саясатқа негізделген. Мысалы, ағылшын тілін үйрену үшін химия, физика сияқты күрделі пәндерді ол тілде оқытудың не керегі бар? Мемлекеттік тілде сол пәндерді оқып, жетік меңгеріп, әлемдік деңгейдегі олимпиадаларда жетекші орындарды иеленіп жүрген қаншама дарынды оқушыларымыз бар. Ал мектептердегі кейбір пәндерді орыс тілінде оқытудың не қажеті бар? Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қазақ тілі. Олай болса, мектептерде оқушылар да мемлекеттік тілде білім алуы тиіс емес пе? Әсіресе, әлем тарихын орыс тілінде оқыту үлкен қателік болады. Ресейдің қазіргі саясатына қараңыз. Білім министрі болып шіркеуде ұстаздық еткен Ольга Васильева деген адам келді. Қазір ол елде орыс әдебиетін оқытуды қойып, оның орнына Інжілді үйренуіміз керек деген де бастамалар көтерілуде. «28 панфиловшыларды» мойындамағандар – «конченные мрази» дегенді де Ресей мәдениет министр Мединский мырза айтты. Міне, осындай миға қонбайтын саясат жүргізіп отырған елдің тілінде әлем тарихын неге оқытамыз? Орыс тілінде оқыса, Ресейден оқулықтар, әдістемелер келеді деген сөз. Ал ол оқулықта ертең не жазылады? Ресейдің ұлыимпериялық, әсіреұлтшыл, шовинистік көзқарастары таратылмай ма? Осындай уланған санадан шыққан оқулықтармен білім алған перзенттеріміздің болашағы не болмақ?
Ел ішінде «үш тұғырлы тіл» бағдарламасына қатысты сұрақ өте көп. Соған сіз өзіңіз тікелей жауап беруіңіз тиіс. Президенттің өзі шенеуніктерге заңды жан-жақты, дұрыстап түсіндіруді тапсырады үнемі. Сол себепті, біз сізді 22 қазан күні Алматы қаласында өтетін «Сағадиев, келіңіз!» жиынына шақырамыз. Мақсатымыз – сізбен кездесіп, жүздесіп қалу емес, елдің алаңдаушылығын тудырған «үш тұғырлы тілге» қатысты мәселені көтеру, көкейкесті сұрақтарға жауап алу. Кездесуге елге танымал, абыройлы азаматтар қатысады. Жөн-жосықсыз сынау, ұсақ мінеу тәрізді қажетсіз әңгіме қозғалмайды. Тақырып тек қана қазақ тілінің болашағы, елдегі білім жүйесіне қатысты болмақ. Мұны тек қана біздің шақырту деп қабылдамаңыз. Бұл елдің, халықтың шақыруы. Жұрттың алдына шығып, реформаларыңызды таныстыру, ойыңызбен бөлісу – сіздің міндетіңіз. Сол міндетті адал атқарады деп сенеміз.
Жиын Алматы қаласында, 22 қазан күні, сағат 10-да, «Астана» қонақ үйінің (Байтұрсынов пен Сәтбаев көшесінің қиылысында) «Ұлытау» залында өтпек. Сізді сол жиынға келеді, елмен кездесуден қашпайды деп сенеміз.

Құрметпен,
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай
«Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай
Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь. Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо зайти на сайт под своим именем.

комментариев

Ваше имя: *
Ваш e-mail: *

Подписаться на комментарии

Введите два слова, показанных на изображении: