Трибуна

Алматы
C
» » Халықты ашындырмаңыздар, мырзалар!

Халықты ашындырмаңыздар, мырзалар!

Халықты ашындырмаңыздар, мырзалар!

Халықты ашындырмаңыздар, мырзалар!

ҚР президенті Н.Назарбаевқа
Бас прокурор Ж.Асановқа
Жоғарғы сот төрағасы Қ.Мәмиге
ІІМ министрі Қ.Қасымовқа

Үндеу хат
Құрметті мырзалар!


Біз сіздерге төмендегі жағдайларды мәлімдейміз және ойланып әрекет етулеріңізді сұраймыз. Жер кодексіне енгізілген түзетулер мен қосымшалардан дау шықты. Ол барған сайын үдеп барады. Оның билік пен халық арасындағы текетіреске ұласу қаупі төнді.
Президент мырза, Сіздің жариялаған мораторийіңіз бен үкіметке тапсырып құрғызған Жер туралы комиссияңыз осы мәселені оңтайлы шешуге септесуі тиіс еді. Заңға қарсылық білдірген халықты тыныштандыру, түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатындағы бұл шараларыңыз құрдымға кете бастады. Біріншіден, комиссия құрамында жұртшылық тарапынан ұсынылған өкілдер жеткіліксіз. Шешім қабылдауда біржаққа басымдылық беріледі. Екіншіден, құқық қорғау органдарының белсенді азаматтарға күш көрсетуі, заңсыз әрекеттерге баруы билікке сенімсіздікті одан әрі ұлғайтты. Мұның бәрі «Бірлесіп мәмілеге келуді емес, жасанды, жалаң насихатпен және күштеу жолымен халық қаламаған заңды өткізгілері келеді» деген пікір туғызды. Ал сенімді жоғалтқан, наразылықты өршіткен жерде ортақ мәмілеге келу мүмкін емес.
«Биліктің қайнар көзі – халық» екендігін елемеушіліктің, оны тек сөз жүзінде қалдырып, іске асырмаудың салдарынан осындай келеңсіздіктер орын алды. ҚР Конституциясына, Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі Қазақстан қол қойған Халықаралық пактіге сәйкес азаматтардың бейбіт жиындарға, шерулерге, демонстрацияларға қатысуға толық құқы бар. Алайда біздің елімізде азаматтар құқығын аяқ асты ететін, Ата-заңымызға қайшы келетін шектеулер қойылған. Таяуда Біріккен Ұлттар Ұйымы осы мәселеге сіздердің назарларыңызды аударып, алаңдаушылық білдірді. Соған қарамастан мемлекетіміздің абыройын түсіретін сорақы әрекеттер күн өткен сайын көбейіп барады. Үстіміздегі жылғы 21 мамырда бүкілқазақстандық бейбіт жиындар өткізу туралы жұртшылық бастама көтерді. Қалалардағы әкімдіктер әртүрлі сылтаулармен митинг өткізуге рұхсат етер емес. Жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге халықтың неліктен наразы екендігін басшылардың естігісі келмейді.
Халықтың үнін өшіруге, қарсы пікірлерді тұншықтыруға күш жұмсаған, қуғын- сүргінді әдетке айналдырған биліктің ғұмыры ұзаққа бармайды. Оның соңы жақсылықпен аяқталмайды. Бұрынғыларын айтпағанда, соңғы жылдардағы Сириядағы, Украинадағы мысалдар соған куә. Оларды сіздер де жақсы білесіздер, тек басқа мағынада түсіндіргенді қалайсыздар. Билікті сақтап қалудың жолы – наразылық митингілерін өткіздірмей тастау, ол үшін жұртты үрейлендіріп, белсенді азаматтарды қуғындау емес! Халықтың өз пікірін білдіруіне мүмкіндік туғызып, оның талап – тілегін тыңдау, орындауға жұмылу, мүмкін болмаса – тікелей тілдесу арқылы түсіндіру ғой. Қазақстан халқын демократияға бейімсіз, түсінуі қиын, сотқар мінезді деп ешкім де айта алмайды. Өз халқын үрейде ұстағысы келетіндер – диктаторлар. Сіздер мемлекетті басқарудың өркениетті жолын таңдағандықтарыңызды іспен көрсететін сын сағаты туды. Жаңаөзен қасіретінің қайталанғанын біз қаламаймыз. Оққа ұшқандардың – қаза тапқандар мен жараланғандардың және жазықсыз сотталғандардың, қудалау көргендердің бәрі үшін жауапты адамдар болады. Олар да жазасыз қалмайды. Қайталанған қасіретке халық көмбістікпен қарамайды және оны кешірмейді. Сіздердің бәріңіздің балаларыңыз, немерелеріңіз бар. Бүгінгі қателіктеріңіз солардың келешегіне балта шаппасын.
Жерін қорғауға әзір тұрған халықты қадірлеу, қастерлеу керек! Еңсесін езген, олардан жау жасаған ұтылады. Халықтың өзі мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді, жеріміздің тұтастығын сақтауға жанашырлық танытты. Қауіпті сезінді, дүр көтерілді. Оған үрейленбеген абзал. Керісінше, қолдау қажет.
Президент мырза! Айналаңыздағы адамдар неліктен халықты басып- жаныштауға әуес, ашындыруға, ашуландыруға құмар? Сізге қарсы келтіру үшін полицияны, прокурорлар мен соттарды заңды белден басқызып, әдейі арандатып отырған жоқ па? Әлде бәрі де Сіздің тапсырмаңызды орындаушы ма? Халайық Сізден осыны білгісі келеді.
Елімізде тыныштық, жақсылық, береке-бірлік болуын тілейміз. Сондықтан да ақиқатты алдыларыңызға тарттық. Митинг үшін қудаланып жатқан азаматтарымызға арашашы болыңыздар! Әкімшілік жазаға тартылғандарды дереу босаттырыңыздар! Бабаларымыз қан төгіп қорғаған киелі жерімізді саудаға салдырмай, шетелдіктерге жалдатпай халық тілеуін орындаңыздар. Ел Сіздерден осыны күтеді.

Қабдеш Жұмаділов, халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері,

Софы Сматаев, жазушы, Халықаралық «АЛАШ» сыйлығының лауреаты,

Ғаббас Қабышұлы, жазушы,

Мұхтар Шаханов, "Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны" сыйлығының иегері,

Темірхан Медетбек, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері,

Гүлжан Ерғалиева, журналист, «Халық ақыны Хамит Ерғали» қорының төрайымы,

Әміржан Қосанов, журналист, саясаткер,

Рысбек Сәрсенбайұлы, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы,

Ермұрат Бапи, «Дат» газетінің бас оқырманы,

Жарылқап Қалыбай, «Аңыз адам» – «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы,

Марат Тоқашбаев, «Президент және Халық» газетінің бас редакторы,

Жанболат Мамай, «Ашық алаң – Трибуна» газетінің бас редакторы.

Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь. Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо зайти на сайт под своим именем.

комментария

Руза 19 мая 2016 00:27
  • Не нравится
  • 0
  • Нравится
Жарайсыздар!
  • Не нравится
  • 0
  • Нравится
ээээ, а где я?
Айдархан Калтаев 21 мая 2016 20:43
  • Не нравится
  • 0
  • Нравится
Оте дурыс, толыгымен колдаймын!
Ваше имя: *
Ваш e-mail: *

Подписаться на комментарии

Введите два слова, показанных на изображении: